Бір кем дүние
05.02.2013, 14.38






Фильмде қарапайым ауыл ақсақалының өмірі баяндалады. Ешкіммен қақ-соғы жоқ Мұса ақсақалдың өмірлік ұстынымы – адал ақша табу, маңдай термен келген нан тәтті. Қартайдым-ау демей, таңнан қара кешке дейін тыным таппайды. Тапсырыспен ат әбзелдерін жасайды. Өзі қолөнер шебері. Құдай қосқан қосағы Нұржібек те үй шаруаларымен әуре. Бала мен келіні қалада жұмыс істейді. Сондықтан шал мен кемпірдің шараудан шаршауға уақыты жоқ.
Ақсақалдың арманы – қасиетті мекен – Мекке қаласына сапар шегіп, қажылығын өтеу. Тапқан-таянғанын «үй банкісі» – қара жәшікке салады. Кемпірі де қарап жүрмей, сүт сатудан түскен тиындарды жәшікке жинайды. Ақшаның басы құралғанда шал шетелге шығатын төлқұжат жасатпақ боп халыққа қызмет көрсету орталығына барады. Компьютер құрғыр қария тұрған үйдің салығы бірнеше жылдан бері төленбегенін анықтап берді. Шалдың салы суға кетіп, жәшікке салған ақшасын салыққа құяды. Бұл – ақсақалдың басына түскен бірінші өмір сынағы еді.
Кейіпкер нағыз ауыл қариясының рөлін сомдайды. «Ауылда шалдар көп, алайда ақсақалдар азайып бара жатыр», – деп күрсінген кейбіреулерді «е, бәсе қазақтың қариялары әлі де бар екен ғой» деген ойға жетелейді.
Филология ғылымдарының докторы Сәрсенбі Дәуітұлы алған әсерімен бөлісті. «Біреу әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтан: «Осы сіз үлкен абыройға қалай қол жеткіздіңіз?» - деп сұраған екен. Сонда ол: «Мені әуелі әйелім сыйлады, сосын көршілерім құрмет көрсете бастады. Одан кейін қоғамның, сосын әлемнің ықыласына бөлендім», - деп жауап беріпті. Қараңыздаршы, қандай ғанибет?! Мінеки, көрдіңіздер ме, мұсылман әйелдер ерлеріне қандай құрмет көрсеткен?! Қазақ әйелдері мұндай игіліктен кенде емес. Исламда күйеуінің ризалығын алған мұсылман әйелдің сыйы – Жәннат деген. Фильмде көргеніміздей, Нұржібек қарындасымыз күйеуінің қас-қабағына қарап, разылығын алуға тырысады. Бұл фильмнің жастарға берер пайдасы мол. Шал мен кемпірдің өнегелі өмірі бізге де сабақ болды», - деді жазушы-ғалым С.Дәуітұлы.
Қысқасы, көп естігеннен бір көрген артық. Тіршілігі мен құлшылығын қатар алып жүретін Мұса ақсақал мен Нұржібек апаның қайғысы мен қуанышына ортақтасқыңыз келсе, «Бір кем дүниені» көріңіз.
Байқожа БАЙТҰРСЫНҰЛЫ
Категория: Казахстанское кино | Добавил: talgat | Теги: Казахстанское кино/қазақша кино туы, Кем, Дүние, 2013, Бірі, 2012
Просмотров: 2276 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 2.5/2
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar