Көзілдірік киген “жұлдыздар”
04.07.2012, 22.47


Көзілдірік киген "жұлдыздар”



Жаз – күннің көзі қызып, көпшілікті еріксіз одан қорғануға итермелейтін мезгіл. Бірі  бас киім киіп, шамадан тыс шашылған шуақтан сақтанса, енді бірі  көзәйнекпен «жасырынғанды»   жөн  көреді. Осы ретте, қай уақытта болсын, жанарларын жұртшылыққа «жарнамалағысы» келмейтін «жұлдыздар» үшін көзілдірік: сән бе, әлде қажеттілік пе? Осы сұрақтың жауабын білгіміз келіп, өнер адамдарына сауал тастаған едік.

 


Әрі қорғаныш, әрі әсемдік



 Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісоваға жоғарыдағы сұрақты қойғанымызда, оған бір жақты жауап бере алмайтынын айтты. Әнші әдеттегідей алдымен күліп алып, былай деді:


–Жылдар өз дегенін алады екен. Менің көру қабілетімнің нашарлағанына бірнеше жыл болды. Содан бері көз дәрігерінің талабына сай, арнайы көзілдірік киіп жүрмін. Осы жағдайды өзіме оңтайлы пайдаланып, көп ретте қара түсті көзілдірік сатып аламын. Сондықтан көзілдірік кию мен үшін сән емес, алдымен қажеттілік дер едім. Қос «мақсатта» «қызмет ететін» көзілдірігім соншалықты көп емес: үйде бар болғаны 4-5-еуі тұр…



Әдемі әндерді орындап, елдің сүйіктісіне айналып үлгерген жас әнші Қайрат Нұртас та өнердегі апасының сөзін құптайды. Алайда, оған көзілдірік кигізген күннің ыстығы емес, ойда-жоқта орын алған жол апаты екен.


– Өткен жылы кенеттен жол апатына ұшырап, соның кесірінен бірталай ауыртпалықты бастан кешірдім. Рульде отырмасам да, айтарлықтай зардап шектім. Жазмыш… Денсаулығыма, әсіресе, көзіме зақым тигенін қайтерсің. Амал нешік, телевизиялық түсірілімдерге, кезекті клипіме көзәйнекпен шығуға тура келді. Шүкір, қазір көзімнің астындағы тыртықпен мамандардың арқасында «қоштасып» жатырмын. Бір айтарым, көзілдірікпен жүруімнің «жұлдыздыққа» қатысы жоқ, ол эстетиканың бір талабы ғана.



Ал «МузАрт» ансамблінің әншісі Сәкен Майғазиевті көзілдірікпен көре қалсаңыз, оның жеке шаруасымен жүргенін қаперге аларсыз. Қысқа да нұсқа қайырған өнер иесі:


– Киімді сәндік үшін киетініміз анық. Көзілдірікті ол қатарға қоса алмаймын. Өз басым көзәйнекті керек кезде ғана киемін. Мәселен, достарыммен балық аулауға немесе демалуға шыққанда. Табиғат аясында көзіңді сақтайсың, әрі жолда сені ешкім де танымайды. Бұл өзіңе де, жанында жүргендерге де ыңғайлы.


Сәнқой жандар



Қазақ эстрадасы әншілерінің арасында сахналық костюмдерден басқа, көзілдірікті де «жұлдыздық «атрибуттарға» жатқызатындары бар. Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетованы сол тізімге қосуға болады. Бұны басыбайлы стилінің бір көрінісі есебінде қабылдаған ол, оны қалыпты құбылыс деп санайды.


– Бәзбіреулер «очкимен» жүрген адамды «өркөкірек» деп есептейді. Бұл – қате пікір. Мысалы, өзімді айтар болсам, мен ө-ө-өте қарапайыммын. Бірақ көңіл күйіме байланысты кейде үйде де көзәйнекпен жүремін. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын, – деп ағынан жарылады Айжан.


Бақыт Шадаева болса, өзінің сыртта жүргенде ғана көзілдірік киетінін баян етті. Және ол көзілдірік коллекциясының иесі екенін де жасырған жоқ.



– Бүгінде оннан аса көзілдірігім бар. Оның біреуін күнделікті өмірде, екіншісін бір жаққа барғанда, жиындарға киемін, басқаларымен әртүрлі жерлерге көріне беруге болады. Өзім қиғанмен, тастауға көзім қимайтын «очкилерім» де баршылық. Өйткені, оларды кезінде жақын-жуықтарым сыйлаған. Аталмыш бұйымдарды көбіне-көп шетелден, Алматыдағы сәнді дүкендерден алдыртамын.


«Сегіз қырлы, бір сырлы» Сиви Махмудидің көзілдірік таңдаудан тәжірибесі мол. Өзінің айтуынша, әр киіміне үйлестіріп, арнайы көзәйнек киетін өнер иесінің бұл тақырып турасында ой-пікірі ерекше. Оның ойынша, «адам көркі – шүберек» ғана емес, көзілдірік те…



–Кейбір адамдар бір көзілдірікті жаз бойы киеді. Өз басым бұған қарсымын. Базарға барған көзілдірікпен балда да көріну талғамсыздықты көрсетеді. Мысалы, мен бейнеклиптің түсіріліміне киген көзәйнекпен басқа ешқайда да «көлбеңдемеймін». Неге дейсіз ғой? Сәндік үшін киетін көзілдірік бар да, күннен қорғануға арналғаны бар. Негізінен, көзілдіріктерімді Дубай мен Түркияда саудалағаннан кейін, бағасы да соған сай. Кейбіреулерінің құны 1-2 мың АҚШ долларынан да асады.



Қашан көрсек те, көзінен көзілдірігі түспейтіндер арасында Қайрат Түнтеков, Еркін Мәулен, Медет Көжекбаевтар бар. Сәті түсіп, оның сырын сұрағанымызда:


– Енді… әртістердің өмірін білесіз, той-томалаққа жиі барамыз. Содан таң атқанға дейін тойшы қауымның шашбауын көтереміз. Ұйқы қанбайды… Ал таңертең кейде жолға шығып кетіп, түстен кейін концертте өнер көрсететініміз бар. Амалсыздан көзәйнек киеміз. Бізді әрқашан әдемі қалпымызда көретін тыңдармандарымыз, «онша емес» түрімізді көзі шалмаса екен дейміз. Бұл да көрерменге деген құрмет. Сәннен қалмағанымыз деп те түсініңіздер. Әйтпесе, біреуді менсінбей, «очки» киюден» аулақпыз, – дейді Еркін Мәулен.


«Сән де, қажеттілік те емес…»



«Қамал алар жасқа» жақын қалған Заттыбек Көпбосынов пен Жұбаныш Жексенұлының көзілдірік киіп түскен суреттерін көріп, таң-тамаша қалдық. Сөйтсек, өнер иелері бұны «жастық жалын емес» деп, сән мен қажеттілікке де жатқызбады. «Ақмаржан» әнімен танылған әншінің қара көзілдірікке неге құштар екенін өзінен білсек:


– Шыны керек, сән қуатын жастан кеттік қой. Оның қажеттілік емес екені де айдан анық. Менің көзәйнек киіп, суретке түсуіме себепші болған – фотограф. «Зәке, «очкимен» суретке түссеңізші, «креативно» болады» деп қоймаған соң, келісіп едім. Көп ұзамай сол сурет жан-жаққа тарап кетті. Жалпы, жаман шықпаған сияқты, өзіме ұнайды, – дейді Заттыбек.






Категория: қазақша ойындар | Добавил: talgat | Теги: киген, Көзілдірік, “жұлдыздар”, разные
Просмотров: 2824 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar