Үмітіңді үзбе телехикая ,Умітінді узбе телесериал
18.02.2015, 15.39
«Үмітіңді үзбе» - эфирде жаңа мелодрама
Оқиғаның басты кейіпкері Тулси есімді бойжеткен дәулетті отбасының ұлы Михир Вираниге ғашық болып, оған тұрмысқа шығады. Осыған дейін көріп келген үнді телехикаяларындағыдай, күйеуінің үйінің табалдырығын келін болып аттаған сәттен бастап Тулси бұрын үш ұйықтаса түсіне кірмеген қилы-қилы жайттардан бастан кешіреді. Әсіресе, оның ащы тілді, ештеңеге көңілі толмайтын енесі Тулсидің өмірін қиындату үшін бар жанын салады. «Үмітіңді үзбе» телехикаясы – мәңгі өлмес тақырып ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынастың уақытқа тәуелді еместігін дәлелдеп берген бірден-бір туынды.
Ене мен келіннің қарым-қатынасы – кез келген шаңырақта болатын проблема. Оны бастан өткермейтін әйел жоқ шығар. Әсіресе, үндістерде некеге отырған әйел күйеуіне ғана емес, бүкіл әулетке қызмет етуге міндетті. Осы бір салтты асыра пайдаланғысы келетін ене мен күйеуінің жұртына жағу үшін қам-қарекет жасайтын келін жайындағы телехикая – қазақстандық көрермендерді де бей-жай қалдырмайды деген үміттеміз.
Бұл телехикаяды сіз күткен қызықтың бәрі бар. Махаббат пен ғадауат, татулық пен дау-жанжал, шиеленіс пен аяқтан шалу, өтірік көлгірсу мен ағынан жарылу, адалдық пен қулық, жақсылық пен жамандық –бәрі телехикаяның өн бойына тоғысқан.
Оған қоса көрсетілімді көңіліңізден шығаруға тырысатын хикаяның актерлік құрамы тағы бар. Мұндағы кейіпкерлердің рөлін Үндістанған танымал актерлер мен актрисалар сомдайды. Әулеттің үлкен енесі Ба әжені «Уәде беремін» телехикаясы арқылы танылған, Валиалар әулетінің әжесі рөлін сомдаған Судха Шивпури, Тулси рөлін 1998 жылы «Мисс Үндістан» байқауының финалисті атанған танымал актриса, қазіргі таңда беделді саясаткер - Смрити Ирани, ал қыңыр қайын ененің рөлін үнді фильмдерінде жағымсыз рөлдерді шебер сомдаушы актриса Апара Мехта алып шығады.
Бұл телехикая Үндістанның телеарналарынан беріле бастаған кезде қоғамда көптеген айқай-шу туады. Әлеуметтанушы, киносыншылардың бірі бұл телехикаяны көрсетпеу керек, мұндай сюжеттер отбасылық кикілжіңге итермелейді десе, енді бір тобы бұл оқиға шындықты бейнелемейді, бірақ шынайы өмір жайында, мұнда әлеуметтік тақырыптар тереңнен қозғалған, бірнеше буынның түсінік-пайымы мен көзқарастарының шиеленісі біздің қоғамда белең алған мәселе деп пікір білдіріп жатты.
Ене мен келін тақырыбы – біздің көрермендерге де таныс. Сол себепті телехикаядағы бірнеше буынның өмірі, енелер мен келіндердің арасындағы қақтығыстар, кейіпкерлердің отбасының игілігі үшін көптеген құрбандықтарға баруы көрермен үшін қызықты болады деп сенеміз. «Үмітіңді үзбе» телехикаясын тамашалаған әрбір көрермен кейіпкерлермен бірге қуанып, бірге жылап, біресе күйініп, біресе сүйініп, жан тебірентер сезімдерді бастан кешіретіні анық. Себебі мұнда бүтін бір әулеттің өмірі бейнеленіп, ондағы әрбір кейіпкердің мінез-құлқы кеңінен ашылған.
Категория: Индийское | Добавил: talgat | Теги: Телехикая, телесериал, Умітінді, узбе, үзбе, Үмітіңді
Просмотров: 1524 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 3.0/1
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar